ЖҰМЫСТЫ ЖҮЙЕЛЕЙ АЛМАҒАН БАСШЫЛАР ОРАНДАРЫН БОСАТАДЫ
25.03.2020 Көлік

Бүгін қала әкімі Асхат Шахаров бірқатар ақтөбелік кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Олардың бірі Жолаушылар автокөлігі кәсіпорны бүгінгі күні қаланың 20 маршруты бойынша қызмет көрсетеді. Әр түрлі маркалы 183 автобустың тең жартысы істен шыққан. 449 адамы бар бұл ірі серіктестік алты жылдан бері Ақтөбеде жолаушылар тасымалымен айналысып келеді. Алайда, әлі күнге дейін қоғамдық көлік саласына қойылған талаптың үдесінен шыға алмай отыр. Ақтөбеліктердің қоғамдық тасымалға қатысты шағымы көп: автобустар лас, жиі істен шығады, арақашықтық уақыты дұрыс сақталмайды, автобус саны аз. Осындай шағымдар жиі түсетін кәсіпорынның кредиторлық қарызы, салық берешегі шаш етектен. Қала әкімі Асхат Шахаров кәсіпорын басшысы Асылбек Мұханбетқалиді «Бюджеттен қандай көмек болады, қала әкімдігінен қолдау керек деп отыра берудің реті жоқ. Кәсіпорынның жұмысын қолға алғаннан кейін жауапкершілікпен қарап, осы уақытқа дейін мәселені шешуіңіз керек еді», — деп қатаң сынады.

Автобус паркін, шеберханаларын көріп, қала әкімі қазіргі төтенше жағдай уақытында әуежайға, вокзалға қатынау үшін арнайы бекітілген автобустардың жүргізушілерімен тілдесті. Қызметтерін қалтқысыз атқарып жүргендері үшін алғысын жеткізді.

Қаладағы қарызға белшеден батқан кәсіпорындардың бірі—  «Табыс Ақтөбе» ЖШС «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы аясында 2011-2019 жылдар аралығында 174 үйде лифт жөндеген. Өткен жылы көпқабатты 4 үйге күрделі жөндеу жасаған, биыл жыл соңына дейін 6 үйді жөндеп бермек. Еңбекақыдан берешегін, салығын, сондай-ақ бірнеше компания алдындағы қарызын толық өтей алмай отырған кәсіпорын көпқабатты үйлердегі лифт жабдықтарын жөндеуден бастап, қала көшелерін тазалауға дейін әртүрлі жұмыспен айналысып келген. Қала әкімі Асхат Шахаров жағдайды баяндаған кәсіпорын басшысы Әбділхамит Мансұрға қордаланған проблемадан шығудың жолын табуға екі күн уақыт берді. «Жұмыстарыңызда жүйе жоқ. Бұдан былай жүйесіз іске бюджеттен қолдау болмайды. Жұмысты жолға қоятындай нақты ұсыныс беріңіз», —  деді қала әкімі. Асхат Шахаров талаптың қатаң болатынын, оған жауап бере алмаған басшылармен қоштасуға тура келетінін ескертті.