МЕКТЕП АЛАҢЫНДА МҰЗ АЙДЫНЫ БОЛУЫ КЕРЕК
03.12.2019 Білім

Мектептердің алаңында балалар үшін шағын мұз айдындары ұйымдастырылуы керек. Оқушыларға қысқы спорт түрлерімен айналысуға, алысқа бармай-ақ өз мектебінің ауласында конькимен сырғанауға мүмкіндік жасалуы тиіс. Бүгін қала әкімдігінде өткен аппарат жиынында шаһар басшысы Мавр Абдуллин осындай тапсырма берді.

Қыс айларында мұз айдындарын, сырғанақтар жасау, шаңғы жолдарын, хоккей алаңдарын ұйымдастыру туралы қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева баяндама жасады. Оның айтуынша, Ақтөбе қаласында дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны 165821 мың адамды немесе 33,3 % құрайды, ал спорт нысандарының саны 603-ке жетіп отыр. Оның ішінде 14 хоккей корты бар. Жылдағы дәстүрмен №53 орта мектептің алаңында «Алтын шайба» турнирі өткізілмек.

Осы желтоқсан айында Тұңғыш Президент атындағы саябақта, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионында, «Олимп» спорт мектебінде, Есет батыр атындағы мектеп-интернат-колледжінде, «Ферро» стадионында, М. Мәметова атындағы медициналық колледжі алаңында мұз айдындары құйылады. Қала әкімі Мавр Абдуллин білім бөлімінің басшылығына мұз айдындарын, шаңғы жарыстарын, басқа да қысқы спорт түрлеріне арналған шараларды сапалы ұйымдастыруды тапсырды.