Қаланың қоғамдық кеңес мүшелері «Автопарк» ЖШС және «Ақтөбе қаласының жолаушылар автокөлігі кәсіпорыны» ЖШС жұмысын қарады

Қаланың қоғамдық кеңес мүшелері «Автопарк» ЖШС және «Ақтөбе қаласының жолаушылар автокөлігі кәсіпорыны» ЖШС жұмысын қарады
21.06.2018 Қоғам

Бүгін Ақтөбе қаласының қоғамдық кеңесінің жұмыс тобының депутат Аманбай Сақиевтің төрағалығымен өткен мәжілісінде қоғамдық көлік қызметін көрсету саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың жұмысы, жолаушыларға жағдай жасау мәселелері қаралды. 

Мәжіліске мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова мен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов қатысты. 

Мәжілісте атап өтілгендей, қала тұрғындарынан қоғамдық көлік жұмысы, атап айтқанда, қозғалыс аралықтарының ұзақтығы, қызмет көрсету мәдениетінің төмендігі, жылдам жүретіндері туралы көптеген арыз-шағымдар түсуде. 

Бұған қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері рейдке шығып, тұрғындармен әңгіме кезінде көз жеткізді.

Жолаушылардың жартысынан астамында автобустан шығар кезде билеттері болмады. Ал автобус кондукторы қанша билет берілді, соңынан қалай есептеседі, ол туралы ештеңе де айта алмады. Осыдан-ақ кірістің жасырылатыны көрініп тұр. Жүргізушілер салонда отырып темекі тартады. Таңертеңгі уақыт болса да автобустардың терезелері, едендері лас. 

Қоғамдық кеңес мүшелері бағыттар бойынша жүрген кезде жылдамдықты арттырудың, бір-бірімен жарысатындарының, жүргізушілердің телефонмен сөйлесіп отыратындарының куәсі болды.

«Ақтөбе қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы Руслан Төреғалидың хабарламасында атап өтілгендей, бүгінгі күні жолаушылар тасымалы қызметін 52 бағыт бойынша екі кәсіпорын — «Автопарк» ЖШС (34 бағыт) және «Ақтөбе қаласының жолаушылар автокөлігі кәсіпорыны» ЖШС (17 бағыт және 1 экспресс-бағыт) көрсетіп отыр.

Тасымалдаушылардың басты проблемаларының бірі автобустардың жетіспеушілігі болып табылады.

Келісімшарт бойынша 317 автобустың орнына «Автопарк» ЖШС күн сайын 230 автобус шығарып отыр, бұл 72 пайыз ғана. № 5, 29, 37, 38, 42, 43 бағыттар бойынша автобустар жетіспегендіктен, негізгі проблема болып отыр.

Р. Төреғалидың айтуынша, «Автопарк» ЖШС-ның №5 бағыты бойынша бірнеше рет анықталған деректерге орай көлік бақылау инспекциясы 25, 50 және 500 АЕК көлемінде әкімшіліктік айыппұл салған.

№5 бағытының жұмысын талқылауға Заречный-3 ауылының тұрғыны қатысып, осы бағыт бойынша автобустар жұмысын тәртіпке келтіруді сұрады. 

Мәжіліс барысында «Автопарк» ЖШС директоры А.Тілеулесов пен «Ақтөбе қаласының жолаушылар автокөлігі кәсіпорыны» ЖШС директоры Р.Ерғалиевтің хабарламалары тыңдалды. 

Қоғамдық кеңес мүшелері мен қалалық мәслихат депутаттары талқылау барысында тасымалдаушы кәсіпорындар басшыларына да, жолаушылар көлігі басшысына да көптеген сұрақтар қойды. 

Жергілікті полиция қызметінің өкілі қоғамдық көлік тасымалы саласында орын алған тәртіп бұзушылықтар және тәртіп бұзушыларға қолданылған шаралар туралы айтып берді.

Тарифтер бойынша жауап берген Р.Төреғали тарифті көтеру туралы шешім қабылдамас бұрын, жолақысы төлеміне электронды билет беруді енгізу жөнінде жұмыстар жүргізу керек, бұл тасымалдаушылардың нақты кірісін көрсетуге, автобус жүргізушілерінің, кондукторлардың, диспетчерлердің, механиктердің көлеңкелі кіріс алуына жол бермеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Электронды билет беру жүйесі енгізілгеннен кейін тасымалдаушының рентабельділігін ескере отырып, қоғамдық көлікте біржолғы жолақының нақты құнын анықтау мәселесі қаралатын болады. 

Кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстар жасады. Сондай-ақ тасымалдаушы кәсіпорындар қызметінің, түсетін кірістердің және салық төлемінің төленуінің айқындығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік кіріс басқармасын, ал жұмыс істейтіндерге жалақы төлеудің айқындығын қамтамасыз ету үшін еңбек инспекциясын тарту жөнінде де ұсыныстар түсті.