ҚАЛА ӘКІМІ МАВР АБДУЛЛИН ЖӘРМЕҢКЕДЕГІ ТАУАР БАҒАСЫН ТЕКСЕРДІ

ҚАЛА ӘКІМІ МАВР АБДУЛЛИН ЖӘРМЕҢКЕДЕГІ ТАУАР БАҒАСЫН ТЕКСЕРДІ
30.11.2019 Мемлекеттік басқарма

Базарда сауда қызу жүрді, себебі азық-түлік тауарларының бағасы күнделікті бағадан төмен болды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгін, 30 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні қарсаңында "Табыс" коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары ақтөбелік шаруа қожалықтарының өнімдерін өз бағасына сатып ала алды. Жәрмеңкеге 40-қа жуық өндіруші, ірі азық-түлік сатушылар және 41 разъездегі көтерме сауда орнын жалға алушылар қатысты. Азық-түлік арзандатылған бағамен тек жәрмеңкелік қатарда ғана емес, бүкіл базар бойынша да сатылды.

Мәселен, тұрғындар жылқы етін 1500 теңгеден сатып алды, ал сиыр еті 1350 теңгеге саудаланды. Қой еті 1200 теңгеден берілді. Жергілікті өндірушілердің қызанақтары мен картоптары үлкен сұранысқа ие болды.

Қала әкімі Мавр Абдуллин жәрмеңкедегі тауарларды сату барысымен танысты. Ол өнім өндірушілерден азық-түлік өнімдері туралы сұрастырып, қала тұрғындары үшін бағаны ұстап тұру қажеттігін атап өтті.

Жалпы базарда 9 тонна түрлі ет өнімдері, 1,1 тонна сүт өнімдері, 2 тонна ұн өнімдері, 13,2 тонна көкөніс сатылды.