Ақтөбелік оқушылар әлеуметтік карталар алды

Ақтөбелік оқушылар әлеуметтік карталар алды
17.09.2019 Білім

Енді әлеуметтік карталар көмегімен Ақтөбе қ. оқушылары асхана мен қоғамдық көлікте төлем жасай алады, деп хабарлайды қала әкімінің бапасөз қызметі.

Бүгін №30 орта мектепте «Kundelik.kz» қосымшасы арқылы баланың келіп-кетуін тіркейтін турникеттер орнатылды. Сондай-ақ, оқушыларға асханада қолма-қол ақшасыз төлем жасауға мүмкіндік беретін POS-терминалдар жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа, балалар қоғамдық көліктегі жолақыны да электронды нұсқамен төлей алады. Бұның барлығын балаға жүзеге асыру үшін бір ғана карта жеткілікті. 

«Қазпошта шілде айында бірегей жоба – Қазақстан азаматының бірыңғай әлеуметтік картасын Ақтөбе қаласында енгізе бастады. Карта кобрендингтік және төлем, көлік, болашақта медициналық, дисконттық, өткізгіш, сақтандыру картасының қызметін атқара алады, сондай-ақ, зейнеткерлік төлқұжат немесе студенттік пен оқушы билетінің орнына пайдалануға болады», - деді «Қазпошта» АҚ сату бөлімінің басшысы Айнұр Есімова.

Оның сөзінше, әзірге 3000 карта жасалған. Қыркүйек айының соңына дейін қаланың 28 мектебі қамтылады, ал жыл соңына дейін қаланың барлық мектептері жаңа төлем жүйесіне қосылады. 

«Бұл мектепке қолма-қол ақша әкелмейтін балаға өте ыңғайлы. Мысалы, бүгінде тегін ыстық тамақ алатын оқушы асханада ерекше санатта тұрғанын айтуыға мәжбүр. Ал қасында тұрған сыныптастары соны естіп қалуы мүмкін. Содан балалар өз құрбы-құрдастары арасында ыңғайсыздана бастайды. Ал мұнда жүйе жеңілдікке ие болған баланы өзі анықтайды, картаны терминалдың үстімен жүргізсе жеткілікті», - деді Айнұр Есімова. 

№30 мектептің әкімшілігі де жаңа жүйенің енгізілуіне риза. Олардың айтуынша, енді оқушылар тиындарын жоғалтпайды, ал ата-аналар балалардың мектепке келген және шыққан уақытын алыстан бақылап отыра алады. 

Айта кетейік, жеңілдікке ие болған балалардың карточкасында нөлдік тариф болады, яғни ерекше санатқа кірген оқушылардың карточкасынан ыстық тамаққа және жолақыға қаражат жұмсалмайды. 

«Биылғы оқу жылында Ақтөбе қаласы бойынша 82 мыңнан аса бала мектептерде білім алып жатыр. Қазіргі таңда аз қамтылған отбасыдан шыққан, ерекше санаттағы балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында ата-аналардан құжаттар қабылдануда. Былтыр 6 932 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілді», - деді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жұлдыз Шалабаева. 

Қоса кетейік, аталған жоба №30, №5 және №17 мектептерде пилоттық режимде жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар қолма-қол ақшасыз төлем жасау үшін №1, 2, 5, 46, 51, 52 маршруттағы автобустарда валидаторлар қондырылған.