Ақтөбеде білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті

Ақтөбеде білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті
24.08.2019 Білім

Бүгін, 2019 жылғы 24-тамызда Ақтөбеде Нұр Отан партиясы облыстық филиалының ғимаратында жаңартылған білім мазмұны бағдарламасының аясында Ақтөбе қаласы педагог қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өткізілді.

Тамыз кеңесінің мақсаты - 2018-2019 оқу жылындағы білім жүйесінің жұмыстарының қорытындысын шығару,жаңартылған білім мазмұны аясындағы білімнің негізгі бағыттарын анықтау, талқылау.

«Keleshekke-kemel bilimmen!» педагогикалық форумның салтанатты ашылуына Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова, сонымен қатар депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, педагогикалық еңбек ардагерлері, ата-аналар қауымдастығы мен педагогтер шақырылды.

Тамыз кеңесінің ашылуы кезінде білім саласындағы инновациалық жобалар жәрменкесі, қосымша білім беру мекемелерінің өнертапқыштық пен жеке шығармашылықтарының көрмесі ұйымдастырылса, соңы сұхбат алаңына жалғасты.

Пленарлық кеңес қарсаңында қала мектептерінің мұғалімдерінің қатысуымен барлық пәндер бойынша №51 Гимназия, №56 ОМ, «Ақбөбек» ББО, «Ертөстік» пен «Нұрсәт» балабақшалар негізінде 48 секция отырысы өтті. Секция отырыстары «Диалогтық алаң» әдісімен, тренинг, коучингтер, пікірталастық алаңдар, әдістемелік мейманханалар мен мінберлер, мастер-класстар, дөңгелек үстелдер, филологиялық панорамалар түрінде өткізілді. Секциялық отырыстарға НЗМ өкілдері, «Өрлеу» АҚ оқытушылары, «Bilim Foundation» жобасының үйлестірушілері қатысты. Педагогтер өз тәжірибелерімен алмасып, жаңартылған білім мазмұны жағдайындағы мәселелер мен келешегі, әдістемелік-нұсқаулық хаттағы жаңалық, жаңа мемлекеттік білім стандарты туралы айтты. «Халықаралық Экология, Инженерия және Педагогика Ғылымдар Академиясы»ҚҚ мен «Platon» Халықаралық білім дамыту орталығы 70 астам мұғалімді Алғыс хаттармен қатар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Тамыз кеңесі аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен 1 ұстаз, «Құрмет грамотасымен» және Алғыс хаттармен 25 педагог және №9 орта мектеп-гимназиясы мен Новый орта мектептерінің ұжымы марапатталды.

Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы аясында білім беру саласында кәсіби шеберлігімен танылған 20 ұстаз қала әкімінің «Құрмет грамотасы» мен 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар, Жастар жылы аясында 20 жас маман қала әкімінің «Құрмет грамотасы» мен 50 мың теңге сыйақы сертификатымен марапатталды.

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің Алғыс хатымен 8 педагог марапатталса, 11 педагог «Халықаралық Экология, Инженерия және Педагогика Ғылымдар Академиясы»ҚҚ-ның атынан Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Тамыз кеңесі педагогикалық еңбек ардагерлерін құрметтеу мен конференция қатысушыларына арналған оқушылардың мерекелік құттықтауымен қорытындыланды.